Бүгін қазақ халқының ардақты перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туылғанына 105 жыл толды. Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында, қызметкердің отбасында өмірге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туылған. Алматы облысында ауылшаруашылық, сауда мекемелерінде жұмыскер болып істеген. Қазақ, орыс тілдерінде жаза, оқи білетін сауатты болған. Анасы Зәуре Баирқызы 1888 жылы Алматы облысындағы Шелек ауданындадүниеге келген, үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан. Дінмұхамед Қонаев Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Мәскеудің Түсті металдар және алтын институтына оқуға жібереді. Тау-кен инженері мамандығын алған Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, кеніштің бас инженері, директоры болып істейді. Ұлы Отан соғысының қиын күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер кенішінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Ленингор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Қонаев 1955-1960 және 1962-1964 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-1962 және 1964-1986 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімі мен мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді. Дінмұхамед Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Ол жауапты басшылық қызмет атқара жүріп, республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Республиканы басқарған жылдары Қазақстанда жаңа өнеркәсіпті аудандар қалыптасып, елде жаңа қалалар мен ірі елді мекендер пайда болды. Павлодар-Екібастұз отын-қуат кешені, Қарағандыдағы ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су электр стансысы, Павлодар трактор зауыты, т.б. кәсіпорындар осы кезеңде іске қосылды. Маңғыстаудың мұнай кен орындары игерілді, теміржол құрылысы, көлік түрлері дамыды. Республика титан, магний синтетикалық каучук өндіре бастады. Электротехника, машина жасау, химия салалары тез дамыды. Жезқазған, Маңғыстау және Торғай облыстары құрылды. Дінмұхамед Қонаев Алматы облысының Кербұлақ алқабын игеруге, Қапшағай су қоймасын, Үлкен Алматы арнасын салуға ерекше көңіл бөлді. Көрнекті қоғам қайраткері әдебиет пен өнердегі, мәдениет пен ғылымдағы ахуалды әрдайым бақылап отырды. Ол республикаға басшылық жасаған тұста Қазақстанның 5 томдық академиялық тарихы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Қонаев билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Алпысыншы жылдардың басында Н.Хрущевтің өктемдігімен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді. Ол Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстауды Түрікменстанға беру жөніндегі Орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шықты. Д.Қонаев Алматыны қазіргі заманғы көрікті қалаға айналдыруға көп күш жұмсады. Мұнда Республика сарайы, ҚазМУ қалашығы, Арасан сауықтыру орталығы, Медеу спорт кешені сияқты ірі ғимараттар бой көтерді. Ол көзі тірісінде-ақ ерен еңбегінің арқасында халық көсеміне айналып үлгерді. Күллі қауымның «Димекең», «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ оған деген зор ықыластың бар екенін, көпшіліктің Димаш атамызға арқа сүйегенін аңғаруға болады. Дінмұхаммед Ахметұлы отыз жылдан астам уақыт ел басқарды. Ол 24 жыл Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, алты жылдан астам уақыт ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болды. Дінмұхаммед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82-жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.